Жетысуский государственный университет имени Ильяса Жансугурова
12 май 2015
1392
0

ҚАЗАҚСТАН ЭКОНОМИКАСЫН ЖАНДАНДЫРУ ЖАҒДАЙЫНДА ФАКТОРИНГ - ҚАРЖЫЛАНДЫРУ МЕН НЕСИЕЛЕНДІРУДІҢ ЕҢ ПАЙДАЛЫ НЫСАНЫ

ӘОЖ 336. 717

 

ҚАЗАҚСТАН ЭКОНОМИКАСЫН ЖАНДАНДЫРУ ЖАҒДАЙЫНДА ФАКТОРИНГ - ҚАРЖЫЛАНДЫРУ МЕН НЕСИЕЛЕНДІРУДІҢ ЕҢ ПАЙДАЛЫ НЫСАНЫ

 

Лухманова Г. К., э.ғ.к., «Қаржы» кафедрасының доценті

І. Жансүгіров атындағы  Жетісу мемлекеттік университеті, Талдықорған қ.-сы

           

Резюме.  Қазақстан экономикасын жандандыру жағдайында факторинг есептік – несие механизмнің негізгі құралы болып айқындалады. Факторинг айналым капиталының қысқа мерзімді қаржыландыруы көзі болып табылады.

Резюме.  Факторинг является важным инструментом расчетно-кредитного механизма в условиях модернизации казахстанской экономики. Факторинг представляет собой инструмент краткосрочного финансирования оборотного капитала. Привлекательность его обусловлена тем, что он выполняет важные функции: инкассацию задолженности клиента; финансирование оборотного капитала; ответственность за риск неплатежа; гарантии оплаты товаров поставщику; управление дебиторской задолженностью; ведение учета реализации продукции поставщика.

Abstract.  Factoring is an important tool for cash-credit facility in the modernization of the Kazakh economy. Factoring is a tool of short-term working capital financing. Its appeal due to the fact that it performs important functions for collection of debt client; finance working capital; responsibility for the risk of default, the guarantee of payment to the supplier of goods, accounts receivable management, accounting sales of products supplier.

Кілтті сөздер: факторинг, факторингтік операциялар, факторингтік несие, инкассациялау.

 

Қазіргі сатыда Қазақстанның мемлекеттік саясатының басым тұстары әлемдегі бәсекеге недәуір қабілетті 30 мемлекеттің қатарына ену жөніндегі Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев белгілеген стратегиялық мақсатқа сәйкес қалыптастырылған.

Бұл бағыттағы маңызды аспект Қазақстанның қаржылық ұйымдары мен қаржы секторының бәсекеге қабілеттілігін қаржы жүйесінің жұмысына нақты экономика секторының қаржы ресурстарына қажеттілігін қанағаттандыратын және еркін бәсекелестік жағдайында қаржы институттарының сапалы қызметін ұсынатын жағдайлар қалыптастыру арқылы  арттыру қажеттілігі болып табылады. Осыған орай, қазақстандық экономиканың бәсекеге недәуір қабілетті секторларының бірі болған қаржы секторының бәсекеге қабілеттілігін арттыру контексіндегі ролі недәуір кеңірек және Қазақстандағы экономикалық қатынастарды модернизациялаудың маңызды қатысушысы тұрғысынан анықталуы керек.

Қазақстанда факторингтің қаржы тәуекелдерін басқару, факторингтік операцияларды реттеу, факторингтік операцияларды жүргізудің дұрыс және уақтылы процедуралары жүзеге асырылатын жеткілікті дәрежеде орнықты нарығының әзірше қалыптаса қоймағанын ескерсек, осы үдерістердің барлығын жүйелі түрде зерттеу барынша өзекті болып табылады.

Дүниежүзілік қаржы нарығында факторинг қаржы индустриясының қуатты дербес саласына айналды. Оны әр алуан қызмет саласындағы, сатып алушыларға тауарлық несие, яғни төлемді кейінге қалдыруды ұсынатын жүз мыңдаған компаниялар пайдаланады. Осыған байланысты соңғы жылдары «факторингті» нақты анықтау, оны несиелік немесе таза қаржылық операцияларға, факторингтің нақты қатысушыларына және т.б. жатқызу мәселесі бойынша көптеген даулы сәттер жиі пайда болып жүр, осыған орай біз өзіміз қорғайтын ережелерді теориялық тұрғыдан дәйектеуге әрекет жасадық.

Факторинг – бұл тауарды (қызметтерді) жеткізушіден төлем талаптарын сатып алу. Мұнда, әдетте, әңгіме қысқа мерзімді талаптар жөнінде болады. Факторингтің мақсаты – кез келген несие операциясының ажырамас бөлігі болып табылатын тәуекелді жою. Дамыған нарықтық экономикалық елдерде төлем талаптарын сақтауға баса назар аударылады. Факторинг компанияларының және банктердегі факторинг бөлімдерінің қызметтері жеткізушілер мен сатып алушылар арасындағы қарым-қатынастардағы төлем тәуекелдері мен мерзімдері проблемасын шешуге және осы қатынастарға недәуір тұрақтылық беруге бағытталған.  

Экономикалық тұрғыдан факторинг -  жеткізілген тауарларға, орындалған жұмыстарға, көрсетілген қызметтерге төленбеген төлем-талаптарын клиент-жеткізушінің банк пайдасына ұсынуына байланысты делдалдық операция немесе комиссиялық-делдалдық қызмет және, сәйкесінше, солар бойынша төлем алу құқығы, яғни клиенттің дебиторлық қарызын инкассациялау (төлем құжаттарымен қаражаттарды алу) [1]. Банк төленбеген төлем талаптарының меншік иесіне айналады және қарыздарлардың несие қабілеттілігі алдын ала тексерілгенмен де, олардың төленбеу тәуекелін өзіне жүктейді.

Факторингтің төмендегідей қызметтері бар:

  • жеткізушіні жеткізілген тауар үшін авансылау;
  • сатып алушының төлем қабілеттілінін талдау;
  • жеткізушіге тауарлардың төленуіне кепілдік беру;
  • несиелік тәуекелдерді қабылдау;
  • дебиторларды басқару;
  • төлем талаптарын сатып алу;
  • төлем талаптарын инкассациялау;
  • статистикалық есептілікті енгізу;
  • төлемдерді өндіріп алу.

Факторингтің басты экономикалық артықшылықтарын атап көрсетуге болады: өтімділікті, рентабельділікті және пайданы ұлғайту;  дебиторлық қарызды қолма-қол ақшаға аудару; жеткізушілердің барлық шоттарын тез арада төлеген жағдайда жеңілдік алу мүмкіндігі;  дебиторлар тарапынан төлем мерзімінің сақталуынан тәуелсіздік және еркіндік;  айналым көлемін кеңейту мүмкіндігі;  табыстылықты арттыру;  жеке капиталды үнемдеу;  қаржылық жоспарлауды жақсарту.

Факторингтік қызметтер ұсынатын қаржы институттары фактор-фирмалар деп аталады. Олар көбінесе ірі банктердің жанындағы еншілес фирмалар түрінде болады (немесе банктер/факторинг бөлімдері факторингтік операцияларды өздері жүзеге асырады), бұл факторингтік мәмілелердің сенімділігінің жоғарылығын және клиенттер үшін шығындардың аздығын қамтамасыз етеді.

Әр түрлі елдердегі кәсіпорындарға факторингтік қызмет көрсетуге арналған арнайы филиалдардың тармақталған желілерін ірі трансұлттық корпорациялар құрған. Халықаралық деңгейде "Factor Chain International" ассоциясы әрекет етеді, әлемнің 40 елінің 95% факторинг компаниялары оның мүшесі болып табылады. Бұл ассоциацияға бір елден 3-4 банктен артық банк мүше бола алмайды. Факторингке арналған қаражатты қалыптастыру көздері банктің жеке қаржысы (пайда, қорлар), тартылған және қарызға алынған қаражаттар болып табылады. Олардың арасындағы қатынасты банк басқармасы белгілейді. Факторинг бөлімі жеке қаражаттарын өз банкінен алады және олардың одан ары қарайғы өсімі өздері жүргізген операциялардан түскен пайданың есебінен жүзеге асырылады. Бөлім өзінің міндеттемелерін орындау үшін жоспардан тыс несиелерді тартуды қажет еткен жағдайда, банк оған қысқа мерзімді несие бере алады. Бөлім, сондай-ақ, жедел депозиттерге қаражаттар тарта алады.

Ю. А. Бабичеваға жүгінсек, ол тауарлар мен қызметтерді коммерциялық несие жағдайында сату үдерісінде контрагенттердің арасында пайда болатын қарыз талаптарын (шот-фактураларды немесе вексельдерді) жеткізушінің бухгалтерлік, ақпараттық, өткізу, сақтандыру, заң және басқа қызмет көрсету элементтерімен бірге факторинг компаниясының пайдасына беруі ретінде көрсеткен [2].

Факторинг аясындағы қаржылық қатынастар факторинг келісім-шартымен рәсімделеді. Келісім-шартта қаржыландыру түрі қолданыстағы заңға және келісім-шарт бойынша тараптардың мүдделеріне сәйкес анықталады. Факторингтік қызмет көрсету дебиторлардың қарыздарын дер кезінде өтемеуіне және олар үшін несиелеу көздеріне қол жеткізудің шектеулілігіне байланысты дәстүрлі түрде қаржылық қиындықтарға ұшырап отыратын шағын және орта кәсіпорындар үшін едәуір тиімді.

1988 жылы Халықаралық жеке құқықты сәйкестендіру институты қабылдаған Халықаралық факторинг туралы конвенцияға сәйкес, операция ол төмендегі төрт белгінің кем дегенде екеуін қанағаттандырған жағдайда ғана факторинг болып есептеледі [3]:

1) қарыз талаптарын алдын ала төлеу формасындағы несиелеудің болуы;

2) жеткізушінің бухгалтерлік есепті, ең әуелі, сату есебін жүргізуі;

3) оның қарыздарын инкассациялау;

4) жеткізушіні несиелік тәуекелден сақтандыру.

Солай болғанмен, шағын немесе орта бизнес санатына жататын кез келген кәсіпорын факторинг компаниясының қызметін пайдалана алмайды. Мысалы, факторингтік қызмет көрсетуге жатпайды:

  • әрқайсысының қарыздары шағын сома болатын дебиторларының саны көп кәсіпорындар;
  • стандартты емес немесе тар мамандандырылған өнім өндірумен айналысатын кәсіпорындар;
  • субмердігерлермен жұмыс істесетін құрылыс фирмалары және басқа фирмалар;
  • өз өнімдерін сатудан кейінгі қызмет көрсету жағдайында сататын, өтемақылық (бартерлік) мәмілелермен айналысатын кәсіпорындар;
  • өз клиенттерімен ұзақ мерзімді шарттар жасасатын және шоттарды  жұмыстың белгілі бір сатысы орындалғаннан кейін немесе жеткізілімдерді жүзеге асыру басталғанға дейін (аванстық төлемдер) беретін кәсіпорындар [4].

Факторингтік операциялар, сондай-ақ, жеке тұлғалардың, кәсіпорындардың филиалдары мен бөлімшелерінің қарыздық талаптары бойынша жүргізілмейді. Мұндай шектеулер көрсетілген жағдайларда факторинг компаниясының несие тәуекелін бағалауының жеткілікті дәрежеде қиындығына немесе өзіне артық жұмыс көлемін жүктеудің немесе жеткізушінің келісім-шартта көрсетілген қандай да бір міндеттемесін орындамауы салдарынан төлемі жасалмауы мүмкін мұндай талаптарды пайдасына беру кезінде туындайтын қосымша тәуекел алудың пайдасыздығына байланысты орын алған.

Бұдан басқа, жеткізуші жоғары сапалы тауарлар өндіруі және қызметтер көрсетуі, өндірісті жедел кеңейту және пайданы ұлғайту мүмкіндігіне ие болуы қажет (тек осы жағдайда ғана кәсіпорынға факторинг компаниясы көрсететін қызметтің қымбат бағасын төлеу тиімді болады). Ақша құралдарының жеткіліксіздігінің уақытша себептері – дебиторлардың қарыздарын дер кезінде өтемеуі, сондай-ақ пайданың жеткіліксіз деңгейі, тауар қорының шектен тыс көп болуы және өндірістік процеспен байланысты қиындықтар.

Факторинг – бұл жеткізушінің айналым құралдарын толықтыруға бағытталған ақша талаптарының есебінен қаржыландыру (аванстық төлемдерді төлеу) ғана емес, бұл қызмет көрсетулер кешені. Бұл жеткізушінің кәсіпорындарына олардың сатып алушымен жұмыстарын ұйымдастыру, сатып алушыларды тауарлық несиелеуді бақылау тұрғысында  көрсетілетін қызмет. Бұл сауда компанияларының тәуекелдерін басқару және оларды сақтандыру. Бұл клиенттерге ақпараттық-талдаулық қолдау көрсету.

Жеткізушілерде көбінесе банк оның клиенттерімен әдепті жұмыс істей ала ма деген қауіп туады. Банк жеткізушінің клиенттік базасын сақтап қалуға жеткізушіден кем емес дәрежеде мүдделі. Банктің өз мүддесі бар – жеткізушіде клиенттер қаншалықты көп болса, оның айналымы, сәйкесінше комиссиясы соғұрлым жоғары. Қаржылық аспектіде факторингті пайдаланудың тиімділігі айналым құралдарының айналымдылығын жеделдетуден, кассалық үзілістерді жоюдан, айналым құралдарын банк қаражаты есебінен толықтырудан көрінеді. Коммерциялық нәтиже, жекелеп алғанда, тауардың барлық ассортиментін сатып алушылардың сұранысын қамтамасыз етуге қажетті көлемде ұстап тұру мүмкіндігінен көрінеді. Қаражатты банктен жүкті түсіргеннен кейін алу мүмкіндігі сатып алушыға сатып алудың недәуір жеңілдікті жағдайын ұсынуға мүмкіндік береді. Бұл, өз кезегінде, қолда бар сатып алушыларға сату көлемінің өсуіне және жаңа сатып алушыларды тартуға, сондай-ақ ұзақ мерзімді іскери байланыстарды орнату мен нығайтуға ықпал етеді. Келесі жағдайға баса назар аударған жөн. Факторингтік қызмет көрсетудің тиімділігін қамтамасыз ететін жағдайлардың бірі банктің ұзақ уақыт бойы жеткізушінің барлық немесе барлық дерлік жеткізілімдерін қаржыландыруы болып табылады. Тек осындай жағдайда ғана жеткізуші өзінің сауданы кеңейту бағдарламасын айналым құралдарының тапшылығына ұшыраудан қорықпай жүзеге асыруға үміттене алады.

Факторингтік операцияларға қатысушылардың барлығын қызықтыратын маңызды мәселелердің бірі – комиссияның көлемі. Нақты санды атау мүмкін емес. Факторингтік опеарциялар жүргізу кезіндегі банк қызметінің бағасы, біріншіден, қаржыландыруға қажетті (аванс төлемін төлеу) несие ресурстарының бағасынан, екіншіден, қызмет көрсету тарифтерінен (құжаттарды өңдеу, қосымша қызметтер көрсету), үшіншіден, тәуекел үшін сыйақыдан құралады.

Қазақстандық ғалым С. Б. Мақыштың пікірінше, факторинг компаниясы жеткізушіден алатын төлем екі элементтен тұрады [5].

Біріншіден, басқару үшін төлем, яғни өзінің жеке факторингтік қызмет көрсетуі үшін комиссия – есеп жүргізу, күмәнді қарыздардың пайда болуынан сақтандыру және т.б. Бұл төлемнің көлемі жеткізушінің жылдық айналымынан пайыз ретінде есептеледі және оның шамасы жеткізушінің өндірістік қызметінің масштабы мен құрылымына, компанияның жұмыс көлемін бағалауына, несие тәуекелінің дәрежесіне, сатып алушылардың несиеге қабілеттілігіне, сондай-ақ қандай да бір елдің қаржылық қызмет көрсету нарығының спецификасы мен коньюктурасына қарай түрленіп отырады. Көпшілік елдерде жеңілдік 0,5-3,0 % көлемінде болады. Регресс болған жағдайда жеңілдік 0,2-0,5 %-ға жасалады. Шот-фактураларды есепке алу (дисконттау) үшін төлем жеткізушінің жылдық айналымының 0,1-1,0 %-ын құрайды.

Екіншіден, факторинг компаниясы жеткізушіге талаптарды мерзімінен бұрын алу мен инкассациялау күні аралығындағы кезеңде мерзімінен бұрын ұсынылатын (пайдасына берілген қарыздық талаптардың алдын ала төлемі түрінде) қаражат сомасынан ұстап қалатын есеп операциялары үшін төлем. Оның қойылымы әдетте ұқсас айналымды және несиеге қабілетті клиенттерді қысқа мерзімді несиелеуде банк қоятын қойылымнан 2-4 %-ға артық болады, бұл факторинг компаниясының қосымша шығындары мен тәуекелдерінің орнын толтырумен шарттасылады.

Сыртқы сауда факторингі ішкі факторингке қарағанда жоғары, себебі факторинг компанияларының шығыны өз елдерінен тыс жерлерде операциялар жүргізгенде недәуір жоғары. Сонымен қатар, төлем мөлшері нақты импорттаушы елге байланысты. Өзара факторинг кезінде экспортаушы елге қызмет көрсететін компания импорттаушы факторинг компаниясына несие тәуекелін сақтандырғаны, қарыздық талаптарды инкассациялағаны үшін белгілі бір сома төлейді.

Факторингтің кәсіпорындар үшін қаржы менеджменті ретіндегі жағымды тұстары мыналар:

  • факторинг айналым құралдарын толықтыру проблемаларын шешеді;
  • факторинг төлемеулерді «сөгуге» белсенді ықпал етеді;
  • факторинг экспорттық операцияларды кеңейтуге тиімді көмектеседі;
  • факторинг кәсіпорындардың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды алғышарты болып табылады;
  • факторинг тараптардың – клиент пен қаржы агентінің өзара жауапкершіліктерін недәуір арттырады;
  • факторинг бизнесті сақтандыру жүйесіндегі маңызды элемент болып табылады, себебі оның орбитасына жеткізушінің дебиторлық қарызын инкассациялау, несие тәуекелдерінен, күмәнді қарыздарды пайда болуынан сақтануға кепілдік беру кіреді;
  • дебиторлардың қарызды дер кезінде қайтармауынан ғана емес, өндірістік цикл қабілетіне байланысты проблемалар салдарынан да ақша құралдарының перманентті жетіспеушілігіне ұшырап отыратын шағын және орташа кәсіпорындар факторингті пайдаланудың перспективалы саласы болып табылады. Оның үстіне шағын бизнестің жеке ресурстары өте шектеулі;
  • мемлекет бюджет ресурстары есебінен шағын және орташа бизнесті ғана емес, ірі бизнесті де қолдауға ақша құралдарының жетіспеушілігі салдарынан қабілетсіз болған жағдайда, факторинг көптеген жағдайда кәсіпорындардың ақша құралдарын толтыруының, олардың қаржы жағдайын нығайтудың жалғыз құралы болуы мүмкін [6].

Өндіруші-жеткізушілердің де, тауарлар мен қызметтерді сатып алушылардың да, факторингтің компаниялардың (банктердің) да факторинг процесін ұйымдастырушылар ретінде біршама маңызды пайдаға ие болатындықтарын байқау аса қиындық тудырмайды. Мұның барлығы тұрақты қолданған жағдайда факторингтің экономиканы көтерудің, кәсіпорынның ақша ағымын басқаруды жетілдірудің өте көпқырлы, тиімділігі жоғары құралы ретінде қызмет атқаруы мүмкін екендігін айтуға мүмкіндік береді [7] .

Факторинг опеарциясының мәні мынада: банктің факторинг бөлімі клиенттің  қарыздық талаптарын (шот-фактураларын) жеткізілім бағасының 80%-ына дейін бірден төлеу және қалған бөлігін несие үшін пайызды және комиссиялық төлемдерді шегергеннен кейін дебиторлардан түсетін пайданың түскен-түспегеніне қарамастан, қатаң белгіленген уақытта төлеу шартымен сатып алады. Егер қарызгер шоттарды мерзімінде төлемесе, төлемдерді оның орнына факторинг бөлімі төлейді. Факторингтік операцияның негізінде банктің жеткізушінің жеткізілген өнімге төлем талаптарын сатып алуы және жеткізушінің банкке сатып алушыдан төлемді талап ету құқығын беруі жатыр. Сондықтан факторингтік операцияларды жеткізушіні несиелеу немесе жеткізушіге факторингтік несие ұсыну деп атайды. 

Факторингтік қызмет көрсету дебиторлардың қарыздарын дер кезінде өтемеуіне және олардың несиелеу көздеріне қол жеткізулерінің шектеулілігіне байланысты қаржылық қиындықтарға ұшырап отыратын шағын және орташа кәсіпорындар үшін өте тиімді.

Факторингтік операциялардың сызбасы жеткілікті дәрежеде қарапайым. Оның үш қатысушысы бар: жеткізуші, сатып алушы және банк [8] . Жеткізуші мен сатып алушы арасында сатып алу-сату келісім-шарты жасасылады, консигнация да емес, сату да емес, дәл сол жеткізілген тауар үшін төлем жасау – «төлемді кейінге қалдыру» шартымен сату-сатып алу келісімі жасасылады. Банк пен жеткізуші арасында факторингтік қызмет көрсету келісім-шарты жасалады. Тауар сатып алушының меншігіне өткен сәтте ақшалай талап пайда болады. Осы талап пайда болғаннан кейін ол банкке беріледі, жеткізуші ол туралы өзінің сатып алушысын хабардар етеді. Осы ақшалай талапқа қарсы банк жеткізушінің есеп шотына талаптың 90%-ы көлемінде аванстық төлем аударады (қаржыландыру жүргізеді). Осылайша, алдын ала төлем алады және ақшаны өзінің компаниясын одан әрі қарай дамытуға салуға мүмкіндік алады, ал сатып алушы – төлемді кейінгі қалдыру мүмкіндігін. Қаражаттың қалғанын (комиссияны шегеріп тастағанда 15%-дан жоғары) жеткізуші банктен сатып алушының осы жеткізілім сомасын банктегі арнайы ашылған транзиттік шотқа толық көлемде өтегеніне қарай алады.

Факторингтік операцияны жүзеге асырмас бұрын маңызды талдау жұмыстары жүргізіледі.

Факторингтік операцияларға үш тарап қатысады:

  • факторинг компаниясы (немесе банктің факторинг бөлімі), яғни   өз клиенттерінен шот-фактураларды сатып алатын арнайы мекеме;
  • клиент (тауарды жеткізуші,  кредитор) - факторинг компаниясымен мәміле жасасқан өнеркәсіптік немесе сауда фирмасы;
  • кәсіпорын (қарыз алушы) – тауарды сатып алушы фирма [9] .

Кәсіпорыннан өтінілім алғаннан кейін факторинг компаниясы әдетте 1-2 апта ішінде потенциалды клиенттің экономикалық және қаржылық жағдайын, оның іскери байланыстарының сипатын зерделейді. Егер кәсіпорын факторинг компаниясының клиенті болса, онда клиент факторинг компаниясына сатып алушыларға қойылған барлық шот-фактураларды жібереді. Әрбір құжат бойынша клиент төлемге келісім алуы қажет (төлем талаптарын акцептеу секілді). Факторинг компаниясы барлық шот-фактураларды зерделей отырып, сатып алушылардың төлем қабілеттіліктерін анықтайды. Бұл 24 сағаттан 2-3 күнге дейін созылуы мүмкін. Факторинг компаниясы шотты төлем мерзімі жеткенде немесе алдын ала төлей алады. Соңғы жағдайда ол банк қызметін атқарады, себебі клиентке мерзімінен бұрын ақша құралдарын ұсыну оған несие берумен бірдей. Мұндағы қызмет көрсетудің маңыздысы клиентке төлем кепілдігін беру болып табылады. Бұл кепілдік ішкі және халықаралық операциялардың толық көлемін қамтиды: факторинг компаниясы клиентке барлық акцептелген шот-фактураларды тіпті қарызгерлер төлемге қабілетсіз болған жағдайда да төлеуге міндетті [10].

Сонымен қатар, банк факторинг операциялары бойынша максималды соманы анықтайды, тауар жеткізілімі немесе қызмет көрсету сол соманың көлемінде төлемді ала алмай қалу тәуекелінсіз жүргізіле алады. Факторинг операцияларын жүзеге асыруға жасалған келісім-шартта шекті соманы төлеу тәсілі қарастырылуы керек және факторинг бөлімі жеткізуші пайдасына төлем жүргізуге міндетті жағдайлар бейнеленуі қажет.

Дүниежүзілік тәжірибеде факторингтік қызметтердің бағасы екі элементтен құралады: 1) комиссиядан және 2) ұсынылған құжаттарды алдын ала төлеу кезінде алынатын пайыздардан [11].

Комиссия шот-фактураның сомасынан пайыз түрінде белгіленеді (әдетте 1,5-2,5% деңгейінде). Мәміле көлемінің ұлғаюына комиссияның есебі мен сомасы сәйкес келеді. Несие үшін пайыздық қойылым, әдетте, ақша нарығының (қысқа мерзімді несие нарығының) қойылымдарынан 1—2%-ға жоғары. Әдетте банк бір мезгілде шот-фактура бағасының 80-90%-ын төлейді; 10-20% – бұл дебитор қарыздың толық сомасын өтегеннен кейін қайтарылатын резерв. Әрбір айдың соңында банк өзіне тиесілі комиссиялық пайыздарды санайды, сондай-ақ инкассацияланбаған фактуралардың қалдығын анықтап, шот жазып, клиентке жібереді.

Факторинг бөліміне қарыз міндеттемелерінің толық бағасын алдын ала төлеу тиімсіз болатын бірқатар себептер бар. Ең әуелі есептеулер кезінде дау-таласты сәттер және қателіктер пайда болуы мүмкін. Егер жеткізуші өз жұмысын тоқтатса немесе қандай да бір себеппен факторингтік келісім-шарттың шарттарын бұзса, онда факторинг бөлімінің төлем талаптарынан басқа алдын ала төленген соманы сақтандыру көздері жоқ. Осылайша, шот-фактуралардың бағасынан 10-12% көлеміндегі айырмашылық қажет болған жағдайда алдын ала төленген соманы өтеу үшін керек. Бұл, біз жоғарыда көрсеткендей, дамыған нарықты экономикалы елдердің факторингтік тәжірибесіне толығымен сәйкес келеді.

Факторингтік қызмет көрсетулердің бағасына қызмет көрсеткені үшін төлем (комиссия) және қаражатты несиеге ұсынғаны үшін төлем кіреді [12].

Егер факторингтің қарастырылған анықтамаларын жинақтап, талдайтын болсақ, онда оны дебиторлық қарыздарды аванстау және инкассациялау, несие тәуекелдерін сақтандыру бойынша, одан әрі клиентке келісім негізінде және бекітілген төлем төлеу арқылы ақпараттық, бухгалтерлік, консалтингтік және заңдық  қызмет көрсетумен жалғасатын, комиссиялық-делдалдық қызметтер кешені деп анықтауға болар еді. Факторинг қызметі саласына әдетте мыналар жатпайды: жеке тұлғалардың қарыздары, несие операциялары кезінде пайда болған қарыздар және жеткізуші немесе оның сатып алушысы тараптарынан келісім-шарттың одан әрі орындалуына байланысты кез келген қарыздар.

Біздің көзқарасымызша, факторингтің дұрыс анықтамасы – қаржыландырудың және несиелендірудің қазіргі жағдайдағы ең пайдалы формасы, оның негізінде төленбеген тауарларға, қызметтерге және т.б. төлем-талаптарын клиенттің банктің немесе факторинг компаниясының пайдасына қайта ұсынуы жатыр.

 

ӘДЕБИЕТТЕР

  1. Банковское дело: Учебник / Под ред. Заслуженного деятеля РК, д.э.н. профессора У. М. Искакова.- Алматы: Экономика, 2011.- 552с
  2. Банковское дело: справочное пособие / под.ред.к.э.н. Бабичевой Ю.А. –М.: Экономика, 2010. –  397  с.
  3. Конвенция УНИДРУА о международном факторинге (по состоянию на 31 декабря 1995г.). – Оттава: Справочная система «Гарант», 1988.
  4. Шурганова Н. П. Факторинг и финансирование под уступку денежного требования: общие черты и основные различия // Предпринимательское право. – 2009. – № 4. – С. 58-62.
  5. Мақыш С.Б. Коммерциялық банктер операциялары: учеб. пособие. –Алматы: «ИздатМаркет», 2010. – С. 211-212.
  6. Васин А.С. Системный подход к анализу рисков хозяйствующих субъектов при факторинговых операциях // Финансы и кредит. – М., 2011. – № 4. – С. 40-43
  7. Банки и небанковские кредитные организации и их операции / под ред. Е.Ф.Жукова. – М.: Вузовский учебник, 2011. – С. 261
  8. Банковское дело (Настольная книга банкира): учебное пособие / под науч. ред. А.А. Абишева. – Алматы: Экономика, 2011. – С. 142-144
  9. Н.Н. Хамитов. Банк ісі. – Алматы: Экономика, 2011. – 216 б.
  10. Миржакыпова С. Организация учета факторинговых, форфейтинговых и сейфовых операций в банках // Экономика и статистика. – Алматы, 2012. – № 4. – С. 64-69.
  11. Мақыш С.Б., Ильяс А.А., Банковское дело: учеб. пособие. – Алматы: «Қазақ университеті», 2009. – 165 с.
  12. Привман Л. Новация в гражданском законодательстве Республики Казахстан. Договор под уступку денежного требования (факторинг) // Предприниматель и право. – Алматы, 2010. – №15. – С. 2-5.
Поделиться новостью